Қазіргі таңда әскерде жаңа технологиялар қаншалықты сұранысқа ие? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер қорғаныс министріне осындай сұрақ қойды. Нұрлан Ермекбаев ҚК рационализаторлық ғылыми жұмыстар қолдау табатынын жеткізді.

2018 жылы алғаш рет «Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс» сияқты ғылыми басымдық анықталды. Ұлттық ғылыми кеңес құрылды және Қорғаныс министрлігі үшін 16 ғылыми-зерттеу жобасы анықталды. Соның арқасында жоғары әскери оқу орындары конкурстарға қатысып, ғылыми жұмысқа гранттар алды. Қазірдің өзінде нәтижелер бар.

«Атап айтқанда, Ұлттық қорғаныс университеті отандық бағдарламалық қамсыздандырумен жабдықталған ұшқышсыз ұшатын барлау аппаратының жаңа моделін жасап шығарды, бұл өте маңызды, отандық қорғалған байланыс каналы, отандық авионика, отандық басқару жүйесі. Олар шетелдік аналогтардан 2-3 есе арзан, бірақ сапасы жағынан олардан кем емес. Сонымен қатар, ішкі жану қозғалтқыштарының жанғыш қоспасын байытуға арналған арнайы құрылғы жасалды, бұл қозғалтқыштың қуатын арттыруға және отын шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Тағы бір ғылыми жоба - бұл арнайы металл абразивті ұнтақты бүрку арқылы металл беттерін қалпына келтіру. Оның көмегімен 3D өнімдер жасауға болады, тозған бөлшектердің, түйіндердің, агрегаттардың металл беттерін қалпына келтіресіз.

Жаңа технологиялармен байланысты тағы бір қызықты ғылыми жоба - бұл арнайы мақсаттағы геоақпараттық платформа. Ол спутниктік суреттерден, картографиялық материалдардан, фотосуреттерден алынған ақпаратты жинақтауға және өңдеуге мүмкіндік береді. Оны цифрлық форматқа, 3D-ге аударады, жаттығуларға арналған макеттер, әртүрлі суреттердің, түрлердің және форматтардың карталарын жасайды. Өз кезегінде, мұның барлығы командирлерге шешім қабылдау процесін және операцияларды жоспарлауды жеңілдетеді», - деді қорғаныс ведомствосының басшысы.

Сонымен қатар, радиоэлектроника және байланыс инженерлерінің әскери институты дрондарға қарсы қарудың моделін жасады. Құрылғы басқару жүйесін істен шығарып, заңсыз ұшқышсыз ұшақты радиусы жарты шақырым жерде қондыра алады.

Сондай-ақ бірегей әскери-ғылыми взвод жұмыс істейді. Онда жоғары техникалық білімі бар 12 сарбаз мерзімді қызмет атқарады. Олар өз білімдерін ғылыми әзірлемелерде қолданады. Жалпы алғанда, Қазақстан әскері қару-жарақ пен техниканың озық үлгілеріне ие.