Қазіргі кезде облыс бойынша онкологиялық ауруларға шалдыққан 4100 адам тіркелген, оның ішінде 3 мыңы емделіп шықты. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов журналистің қойған сұрағына берген жауабында осындай мәліметтерді келтіріп өтті.

«Экологияның бұзылуы адамның денсаулығына теріс әсер ететіні белгілі. Онкологиялық ауруларға қатысты жағдай бақылауға алынды. Атырау өңірі онкологиялық аурулар бойынша 1-орында емес. Республикалық деңгейде орташа, одан төмен. Жалпы, соңғы 2-3 жылда 100 мың адамға шаққанда, онкологиялық көрсеткіштер жасарып барады. Әрине, бұл күрделі мәселе», - деді өңір басшысы.

Оның атап өтуінше, қатерлі ісік ауруларымен күресу мақсатында облыста цифрлық рентгтен аппараттары, цифрлық маммографтар, КТ, МРТ және т.б. аппараттар сатып алынып, бір жүйеге қосылды. SAP технологиясы жасанды интеллектіні пайдалана отырып, аурудың алдын алу немесе оны ерте анықтау үшін диагностика жүргізуге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.