«Аудандық, облыстық, ауылдық жерлерде жолдар нашар салынуда. Біз талдау жүргізіп, ол жерлерде кадр тапшы екенін байқадқ. Адамдардың бәрі жолдарды ақша ұрлау үшін салмайды. Көбінің білімі жоқ. Аудан әкімдігін алатын болсақ, онда 2-3 адамнан тұратын бір бөлімде жол маманы жоқ, сондықтан қажетті сапаға сай келетін смета жасалмайды. Біз кадрлардың жетіспейтінін түсініп, өткен жылы «1000 мектеп» бағдарламасын іске қостық. Өзіміз де мектептер мен филиалдарды араладық. Құрылыс, автожолдар құрылысы мамандықтарына түсуге үгіттедік», - деді Жол активтері сапасы ұлттық орталығының бас директоры Замир Сағынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өзекті мәселені шешуге тоқтала отырып.

Биыл кадрларды даярлау бойынша ұзақ мерзімді перспективалық шара жалғасын табады және студенттерді де қамтиды.

«Біз жоғары оқу орындарымен белсенді жұмыс істей бастадық, дәрістер өткізіп жатырмыз, қазір онлайн дәрістер ұйымдастырылуда. Қараша мен желтоқсан айларында оқыту семинарларын өткізетін арнамызды іске қосамыз: қандай да бір материалды қалай тексереді, осы бағытта қандай негізгі қателер болуы мүмкін, қалай түзетуге болады, қандай кемшіліктер бар. Бұл жұмысты тұрақты түрде жүргізілетін болады. Жастарды тартамыз деп ойлаймын. Осындай кездесулерден кейін оқу орындарына оқуға түскісі келетіндер көбейді», - деп өз жетістіктерімен бөлісті спикер.

Айта кетейік, өткен жылы 50 болашақ маман тәжірибеге тартылды. Оларға 80 мың теңге мөлшерінде еңбекақы төленді. Сағынов автомобиль жолдарын салушылардың еңбекақысының деңгейі республика бойынша орташа деңгейден үштен бірге жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ, барша азаматтарды ынтымақтастық орнатуға шақырды.