Шектеу шараларына қарамастан, Қазақстан азаматтары мен бизнес өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық және карантиндік режимді бұзуды жалғастыруда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов мәлімдеді.

«Карантин шараларының сақталуын бақылау мақсатында мобильді мониторингтік топтар рейдтік тексерістерді жалғастыруда. Мониторингтік топтардың өткен аптадағы рейдтерінің нәтижелері бойынша жалпы республика бойынша карантиндік шараларды бұзу жағдайлары анықталған объектілердің үлес салмағы 9,7%-ды құрады», - деді Е.Қиясов.

Ол індетке қарсы және шектеу шараларын сақтамайтын нысандардың айтарлықтай ұлғаюы Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында байқалып отырғанын атап өтті.

«ШҚО-да бұзушылықтар анықталған нысандардың үлес салмағы 12,6%-дан 33%-ға дейін, Алматы облысында 5%-дан 12,3%-ға дейін артты. Санитарлық-эпидемияға қарсы, санитарлық-профилактикалық және шектеу шаралары талаптарын бұзғаны үшін ӘҚБтК - нің 425-бабы бойынша бір апта ішінде 1 329 адамға әкімшілік айыппұл салынды, олардың басым бөлігі Түркістан облысында – 237, Шығыс Қазақстан облысында – 260, Алматы облысында – 106, Ақмола облысында - 101 адам», - деп толықтырды санитарлық дәрігер.