Бүгінде азаматтық саланы реттеуде мемлекет өз тарапынан көптеген шаралар қабылдауда. Жылдан жылға үкіметтік емес ұйымдар желісі сапасы мен сандық жағынан өсіп келеді. Қазіргі таңда елімізде 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген, оның ішінде 16 мыңы іс жүзінде еңбек етсе, 5 мыңы белсенді ұйымдар қатарына кіреді. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов ведомствоның алқа мәжілісі барысында мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, Азаматтық қоғам өкілдерінің халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға қатысуы маңызды. Үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттар арқылы қаржылық қолдауға ие болуда. Мәселен, былтыр қоғамдық ұйымдардың қатысуымен бүкіл еліміз бойынша 1250-ден аса әлеуметтік жоба іске асты, жүздеген ұйым әрі қарай дамуға мүмкіндік алса, биыл 38 қоғамдық ұйым қаржылай сыйақы алды», - деді Б.Тілепов.

Оның айтуынша, 2020 жыл – еліміздің азаматтық қоғамы үшін маңызды жыл. Былтыр азаматтық сектор саласында біршама маңызды қадамдар мен жетістіктер орын алды. Ең бастысы осы саладағы басты стратегиялық құжат 2020-2030 жылдарға арналған Азаматтық қоғамды дамыту концепциясы қабылданды. Сәйкесінше, Үкімет қаулысымен «Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс – шаралар жоспары» бекітілді.