Қазақстанда КВИ-мен ауырған 66 895 науқас тіркелген, оның ішінде 26 175 – і ем алуда, 40 256 – ы жазылған, 464 - і қайтыс болды. Ауру жұқтыру тәулігіне 1700-1800 адам деңгейінде тұрақтанды.

Бұл туралы Орталық Коммуникациялар Қызметінің баспасөз отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

COVID – 19 және пневмония жағдайлары бойынша деректердің барынша ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі статистикалық деректерді есепке алу мен қалыптастыруға жаңа тәсілдерді анықтады. «ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросымен жүргізілген техникалық кеңестерді ескере отырып, біз халықаралық аурулар жіктемесінің жаңа кодтары бойынша COVID – 19 жағдайларын кодтауға және есепке алуға көшу туралы шешім қабылдадық. Осылайша, COVID – 19 зертханалық расталған жағдайлары ПТР тестінің теріс нәтижесімен, бірақ COVID – 19 клиникалық және эпидемиологиялық белгілері бар пневмония жағдайларымен біріктіріледі. Жинақталған клиникалық тәжірибелерден біз осы аурулар ағымының ұқсастығын және оларды емдеу тактикасына бірыңғай тәсілдерді қолдану қажеттілігін атап өтеміз»- деп хабарлады министр.

Бұған дейін Қазақстанда, көптеген елдердегідей, COVID-19 зертханалық расталған жағдайларды ғана есепке алды. Сонымен қатар, маусым айының үшінші онкүндігінде қоздырғышты нақтыламай, яғни зертханалық расталмаған вирустық пневмонияның өсуі байқалды. COVID – 19 аурушаңдығы мен өлім-жітімі бойынша статистика деректердің екі негізде құралатын болады: зертханалық расталған жағдайлар мен анықталмаған вирустық пневмониялар. Жаңа кодтауға толық көшу 1 тамызға жоспарланған.

«Бұл үшін COVID – 19 кодтау, ақпараттық жүйелерді ретке келтіру және басқа да техникалық мәселелерді шешу бөлігінде медициналық қызметкерлердің құзыретін арттыру бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте, Денсаулық сақтау министрлігі есепке алу тәсілдерінің өзгеруі коронавирустық инфекциядан болатын аурушаңдық пен өлім-жітімнің халықаралық рейтингінде Қазақстанның ұстанымының нашарлауына әкелетінін толық түсінеді. Сонымен қатар, бұл тәсіл аурудың дұрыс болжамдарын жасауға, қажетті ресурстарды дұрыс жоспарлауға мүмкіндік береді: медициналық кадрлар, төсек орындары, медициналық жабдықтар, дәрі - дәрмек құралдары, сондай-ақ статистиканың ашықтығын қамтамасыз ету»,- деп атап өтті елдің Бас дәрігері.