Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова журналистердің сұрақтарына берген жауабында ел аумағында парацетамол да, құрамында парацетамол бар препараттар да тіркелгенін атап өтті.

«Елімізде «С» дәрумені бар пакеттерде (саше) парацетамол шығаратын отандық өндірушілер бар. Бұл препарат бөлшек сауда желісінде сатылады. Бұдан басқа, жақын арада Үндістаннан және Ресейден ұшақпен қажетті дәрі-дәрмектер жеткізіледі деп күтілуде», - деп толықтырды Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда бөлшек сауда желісі кәсіпкерлік субъектілерге жататын жеке меншік дәріханалардан (8 мыңнан аса лицензия) тұрады. Олардың өтінімдерін ешкім тексермейді, соның ішінде «СК-Фармация» да. Олар өздерінің болжамдары мен сату көлемдерінің негізінде дәрі-дәрмектерді көтерме дистрибьюторлардан сатып алады.

«Бүгінгі таңда Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуы аясында отандық өндірушілерден 59,8 млрд теңге сомасына және импорттық өндірушілерден 154,3 млрд теңге сомасына дәрі-дәрмек сатып алынды. Барлық препараттар кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек көрсететін стационарлар мен емханаларға жеткізіледі», - деді Л.Бюрабекова.