ҚР Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру барысы туралы ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары Серік Боранбаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-конференция барысында жұртшылықты хабардар етті.

С.Боранбаевтың ақпараты бойынша, Мемлекет басшысының "Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы" Жарлығына сәйкес бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақмола, Алматы, Қызылорда және Павлодар облыстарында аумақтық әскерлер бөлімшелері құрылды. Ақтөбе және Атырау облыстарында әскери міндеттілерді шақыру жалғасуда. Шымкент қаласы мен Қарағанды облысында әскери бөлімшелерді жасақтаудың басталуы 13 сәуірге, Солтүстік Қазақстан облысында - 14 сәуірге, Жамбыл облысында – 15 сәуірге, Түркістан облысында – 17 сәуірге жоспарланған. Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында арнайы жиындарды өткізу туралы мәселе ашық күйінде қалып отыр.

"Қорғаныс министрлігінің басшылығы алдын ала қабылдаған ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де сипаттағы шаралар, карантиндік шектеулердің күрделі жағдайларында жергілікті әскери басқару органдары мен медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысы қысқа мерзімде арнайы жиынға – 473 әскери міндеттіні, оның ішінде 71 офицер мен 402 сержант пен запастағы сарбазды шақыруға мүмкіндік берді", - деп атап өтті С. Боранбаев.

Анықтама: жергілікті әскери басқару органдарына ерікті түрде шақыру үшін 2 372 жас адам өтініш білдірді. Әскери міндеттілердің орташа жасы қазіргі уақытта 27,5 жасты құрайды.

Әскери міндеттілердің 34 % жұмысқа орналастырылды, орташа еңбекақысы 82 мың теңге. Қорғаныс министрлігінің басшылығы әскери полицияны тарта отырып әскери міндеттілерді шақыру барысына, санитарлық-гигиеналық нормалардың, әскери тәртіптің сақталуына жүйелі бақылау ұйымдастырды. Халыққа арнайы жиындарға шақыру шарттарын жедел түсіндіру үшін Қорғаныс министрлігі мен қорғаныс істері жөніндегі өңірлік департаменттерде 4 сәуірден бастап тәулік бойы 18 Call-орталық жұмыс істейді.

Қалыптасқан аумақтық қорғаныс бөлімшелері әкімдіктер өңірге шығумен байланысты міндеттерді орындау шарттарын негізге ала отырып, киім-кешекпен, жеке қорғану құралдарымен, тамақпен, сондай-ақ қажет болған жағдайда тұруға арналған орындармен қамтамасыз етуге міндетті.