Мұғалімдерді есептердің көптігінен құтқарудың заңды негіздері пайда болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары толтыруы міндетті құжаттардың нақты тізбесі белгіленген.

«Бұл есеп беруге, қағазбастылыққа, қажет емес есептерге қатысты өте маңызды мәселе. Біз бұл туралы бірнеше рет айттық және осы бағытта батыл шаралар қабылдануда. Заң қабылданды, норма нақты бекітілді, заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер қабылданды және қазір осы процестердің барлығын регламенттеудің нақты тетіктері бар. Қазіргі кезде педагог күн сайын екі-ақ құжат толтыруы тиіс деп бекіттік: сынып журналы, ол көп жағдайда электрондық түрде толтырылады және сабақ жоспары. Күнде бұдан басқа құжаттарды толтырмауы керек. Әрине, жылына бір рет күнтізбелік-тақырыптық жоспар дайындайды, және әр мектепте әртүрлі болған басқа да көптеген есептер жүйелендірілді. Иә, шағымдар бар, біз нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Биылғы жылдың өзінде қысқа мерзім ішінде, дәл осы норманы бұзу бойынша білім беру ұйымдарының 50-ден астам басшысы жазаланды», - деп атап өтті БҒМ басшысы.

Артық есептілікті талап еткені үшін айтарлықтай айыппұл салынуы мүмкін. Айта кетейік, ЖОО педагогтері де қағазбастылықтан арылды. Жаңа оқу жылынан бастап оқытушылар сабаққа дайындалуға және кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуі үшін қатаң есептегі құжаттардың 11 нысаны алынып тасталды.