Коронавирустық инфекцияның екінші толқыны жағдайында Қазақстанда 50 мыңнан астам инфекциялық және провизорлық төсек-орын дайындалды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін елімізде 14 инфекциялық стационар жұмыс істейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті.

«Жыл соңына дейін 11 облыс орталығында 2,5 мың төсек-орындық 12 модульдік жұқпалы аурулар ауруханасын салуды аяқтау, сондай-ақ Өскемен қаласындағы жедел медициналық жәрдем ауруханасы мен Тараз қаласындағы перинаталдық орталықтың бос тұрған ғимараттарын қайта бейіндеу жоспарлануда. Осылайша, қосымша 14 инфекциялық стационар ашылады», - деді Б.Қожахметов.

Қайта ашылатын стационарлар жеке меншікті клиникаларды, мамандардың нұсқауымен резиденттер мен интерндерді тарту арқылы қазіргі медициналық кадрларды қайта үлестіре отырып, жасақталатын болады. Б.Қожахметовтың ақпараты бойынша, күзде Қазақстан бойынша 50 978 «ковид» төсек-орын болады.

«Қазірдің өзінде еліміздің барлық өңірлерінде 3640 мобильді бригада құрылды. Олардың негізгі міндеті - қолжетімді, мамандандырылған медициналық көмекті қамтамасыз ету. Мобильді бригадалар 5000 адамға 1 бригада есебінен құрылады», - деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі.

Қазіргі уақытта инфекциялық және провизорлық стационарларда 3 379 ӨЖЖ аппараты бар, қосымша тағы 2 619 бірлік, оның ішінде 1 500 отандық өндіріс аппараты сатып алынады.

«Бүгінгі таңда бүкіл ел бойынша ПТР әдісі бойынша COVID-19 бойынша 2,5 миллионнан астам зертханалық зерттеу жүргізілді. Өңірлер бөлінісінде ең көп тестілеу Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Атырау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында өткізілді. Коронавирустың кезекті ықтимал толқынына дайындық мақсатында зертханалардың қуаттылығы тәулігіне 64 мың тестке дейін артады», - деп толықтырды Б. Қожахметов.