Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Хабар» Агенттігі АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев байқауда дауыс беру қадамдарымен таныстырып өтті.

«Біз еліміз үшін маңызды оқиғаның алдында тұрмыз, кез-келген елді кез-келген ұлтты әлемге танытатын дарынды тұлғалар. Ұлттық іріктеуде оқ бойы озып шыққан Қарақат та сондай азамат. Бізге әрқайсыңыздың даусыңыз керек. Сіздің даусыңыз шешуші роль ойнауы мүмкін. Дауыс берудің бірінші кезеңі 29 қараша күні байқау финалының тікелей эфиріне дейін жалғасады. Ал екінші кезеңі барлық қатысушылар әндерін орындағаннан кейін басталады. Белсенділік танытыңыздар», - деді Р.Кертаев.

Дауыс беру үшін junioreurovision.tv сайтына кіріп, алдымен бейнебаян көру керек. Бейнежазбадан соң дауыс беру ашылады. Өнерпаздардың арасынан ҚАРАҚАТТЫ және тағы 2 қатысушыны таңдайсыз. Төмендегі «Менің даусымды қабылдау» немесе «Submit my votes» белгісін басасыз. Дауыс беру ТЕГІН.

Айта кетейік, Қазақстан ең беделді «Junior Eurovision» ән байқауына алғаш рет 2018 жылы қатысты. Халықаралық байқауда Данэлия Тулешова «Өзіңе сен» әнімен алтыншы орын алған. 2019 жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орын алды.

Қазақстанның бұл байқауға үшінші рет қатысуы «Хабар» Агенттігінің Еуропалық Хабар тарату одағының қауымдастырылған мүшесі болуының арқасында мүмкін болды.