Карантиндік шектеулерге байланысты елімізде көптеген ірі спорттық жарыстар кейінге шегерілді. «Хабар» Агенттігі қазақстандық жас спортшыларды қолдап, «Мен-чемпион PRO» жобасын көгілдір экраннан отандастарымызға ұсынды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Мен - чемпион» балалар спорттық қозғалысын дамытуға жәрдемдесу қайырымдылық қорының директоры, «Мен - чемпион PRO» телевизиялық жобасының бас продюсері Евгений Сазанов екі айда бағдарламаның 16 саны түсірілгенін хабарлады.

Бағдарламаның әр саны – жетістікке жету жолындағы тарих. Мұнда жүргізушілер жас спортшылармен бір күн өткізеді, отбасылармен, спорттық тәлімгерлермен танысады, бірге жаттығады.

«Осы демалыс күндері 2 саны көрсетілді, бұл үлкен резонанс тудырды. Біз жобаның сұранысқа ие екенін түсіндік, адамдар қоңырау шалып, келіп, түсіруімізді сұрайды. Өз «чемпиондарын» көрсеткісі келеді. Біз министрліктердің және «Хабар» Агенттігінің қолдауымен осы жобаларды жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Жаңа форма мен ақпараттық қолдау екенін түсіне отырып, Президенттің Жолдауында айтылған – бұқаралық спорт – дені сау ұлт – еліміздің салауатты болашағы», - деп атап өтті спикер.

Бағдарламаның жас әрі өте талантты кейіпкерлерімен танысу - Қазақстанда балалар спортын кеңінен насихаттауға, спорт залдарға мүмкіндігінше көп балаларды тартуға мүмкіндік береді, дейді Сазанов. Әрине, олардың барлығы жұлдыз атанбасы белгілі. Бірақ ұл-қыздарымыз спортпен шұғылдану арқылы өздерінің бойындағы көшбасшылық қасиетті қалыптастырады және физикалық мүмкіншіліктерін арттырады.

Айта кетейік, түсірілім Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Петропавлда өтті. Республикалық ойындарға өңір атынан қатысатын команда кезең-кезеңмен іріктеу арқылы анықталады: мектепішілік жарыстар, аудандық, қалалық және облыстық. Жоба жарыстарды әдеттегі мектеп спортзалында спорттық жабдықтардың стандартты жиынтығын қолдана отырып өткізуге болатындай етіп ұйымдастырылған.

«Біз шалғайдағы ауыл мектептерінің ынталы командалары іріктеудің барлық кезеңдерінен өтіп, финалдық телешоуда лайықты өнер көрсеткенін бірнеше рет көрдік», - деді «Мен – чемпионмын» бағдарламасының бас продюсері Евгений Сазанов.