Халықаралық тәжірибеде «буллинг» дегеніміз - бір адамға басқа адамның немесе адамдар тобының әртүрлі себептер бойынша агрессивті қудалауы. Мысалы, қауесеттердің тарауы, бойкот жариялау. Бұлай жәбірлеу баланың психикасының қалыптасуына теріс әсер етеді, содан кейін ересек өмірде ерекше қатыгездік түрінде көрініс табуы ықтимал. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев айтып берді.

Ол криминалистика тарихына сүйеніп, белгілі сериялық қылмыскерлердің көпшілігі балалық шағында құрдастарының шабуылына немесе отбасындағы жаман қарым-қатынасқа ұшырағанын атап өтті. Мұндай жағымсыз құбылыстар біздің қоғамда, әсіресе жасөспірімдер арасында орын алады.

«Еліміздегі мектептердің бірінде 12 жастағы мектеп оқушылары жүйелі түрде қысым көрсеткен, яғни олардың тілімен айтқанда, сыныптасына футбол ойнай білмегені үшін троллинг жасаған. Бірнеше ойын жеңіліс тапқан соң, бұған кінәлі сол болып шығады. Футболды нашар ойнағаны үшін бүкіл сыныптың алдында мазақ болған бала өзіне-өзі қол жұмсаған. Жалпы, балалар суицидінің 80% астамында себептерді анықтау мүмкін емес, осыған орай оларда жүйелі түрде ренжітумен, оның ішінде құрдастарының ренжітуіне байланысты психологиялық жарақаттардың болу ықтималдығы да ескеріледі. Бұл ретте, балалар мұғалімдер мен ата-аналарға мектептегі және интернеттегі қарым-қатынастар туралы әрдайым айта бермейді, көп жағдайда бала өз проблемаларымен жалғыз қалады», - деді спикер.