Елордада маңызды мемлекеттік мерекелер – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні және Тәуелсіздік күні қарсаңында «Нұрсұлтан Назарбаев: жаһандық ауқымдағы саясаткер» халықаралық конференциясы өтті. Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәмидің айтуынша, бұл оқиғалар бір-бірімен тығыз байланысты және жаңа қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуының басталуын білдіреді.

«Отыз жылда Қазақстан мемлекеттіліктің белгілерін толық қалыптастырып, халықаралық қоғамдастықтың құрметті әрі тең құқылы, мойындалған мүшесіне айналды. Осы жетістіктерге жету жолында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жасампаздық рөлі ерекше. Президенттік басқару нысанының енгізілуі Республиканың үдемелі дамуына тікелей негіз болды. Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы іс жүзінде 1990 жылдың 24 сәуірінен бастау алды. Сол күні Республикада президент лауазымы енгізіліп, оған Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.

Нұрсұлтан Әбішұлы сол уақыттың өзінде өз халқының шынайы патриоты, тәжірибелі саясаткер, қоғамның даму үрдісін ғылыми түрде жүйелі болжай білетін, жоғары деңгейдегі ұйымдастырушылық қабілеті одаққа танылған тұлға еді. Бұған қоса, ол қоғамның барлық салаларындағы жағдайды, экономика мен саясатты, халықтың ішкі көңіл-күйін жақсы білетін.

Егемен елдің тізгінін ұстаған күннен бастап, Қазақстанның Тұңғыш Президенті конституциялық заңдылықты сақтай отырып, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыруға, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік өркендеуін қамтамасыз етуге бар күш-жігерін жұмсады. Осылайша ол барлық қиындықтарды жеңе білді. Оған тарих парақтары куә», - деді Қ.Мәми.

Ол сондай-ақ мемлекеттік құрылыстың негізін қалаған заңнамалық актілерге тоқталды.

«Елбасы конституциялық-құқықтық саясатты әзірлеу және оны жүзеге асыру барысында, Конституцияның, конституционализмнің мызғымас құндылығына әрқашан сенді және өзінің сенімін үнемі жеке үлгісімен дәлелдеп отырды. Мен, әртүрлі мемлекеттік лауазымдарда қызмет атқара отырып, Нұрсұлтан Әбішұлының жұмыс кездесулерінде, кеңестерде сөйлеген сөздерін үнемі тыңдап жүрген басшылардың бірімін. Сол уақыттарда тағайыны және білімі бойынша заң саласының маманы емес адамның конституциялық және құқықтық тақырып бойынша терең ұғымы мен көзқарастарына әрқашан таңданатынмын. Конституциялық материяны терең меңгере отырып, Елбасы Конституцияның басты құндылықтарын, идеялары мен ережелерін айқындап, тіпті жекелеген нормалардың мәтіндерін жатқа айтады. 1995 жылғы Конституцияның жобасы бойынша жұмыс барысында Тұңғыш Президент қолына қалам алып, бірқатар шетелдік конституцияны зерделеп, Ата Заңның тұжырымдамалық құрылымдарын қалыптастыруға шешуші әсер етті», - деді Мәми.

Айта кетейік, Елбасының тәуелсіздігіміздің бастапқы кезеңінде мәлімдеген конституциялық ұстанымы 2019 жылы орын алған жоғарғы биліктің ауысуы кезінде өміршеңдігін тағы бір растады.

«2019 жылғы 19 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халқына жолдаған үндеуінде: «Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – билікке басшылардың жаңа буынының келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады» -деп мәлімдеді. Тұңғыш Президенттің тарихи миссиясын талдау кезінде атақты ғалым Джон Шаардың мына сөздері ойға келеді. Джон Шаар «болашақ деген ұғым тек бара жатқан жеріміз емес, ол − біз жасап жатқан құндылықтар. Жолдарды іздей бермей, оларды салу керек. Бұл процесс жасаушыны да, оның тағдырын да өзгертеді» деген екен. Бұл терең ойдың мәні Тәуелсіз Қазақстанның болашағын нөлден қалыптастырған біздің Тұңғыш Президенттің жасампаз қызметіне тікелей қатысты сияқты», - деді спикер.