Сатып алудағы сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың жалғыз шарты өнім берушіні таңдау процесінде адами факторды алып тастау болып табылады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте салалық ведомствоның Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметов қаржыгерлердің осындай көзқарасын жеткізді.

«Сондықтан қазір рейтингтік-балдық жүйені қолдана отырып, сатып алудың жаңа тәсілін енгізу мәселесін қарастырудамыз. Сатып алудың бұл тәсілі мемлекеттік сатып алу процесіне адамның қатысуын толығымен алып тастауды көздейді және конкурстық комиссиясыз жүзеге асырылатын болады. Мемлекеттік сатып алудың электрондық жүйесін кеңінен интеграциялау арқылы веб-портал әлеуетті өнім берушілерге автоматты түрде тиісті рейтинг береді деп болжануда. Мысалы, беделінің болуы, қаржылық тұрақтылықтың жоғары көрсеткіші, әлеуетті жеткізуші ұсынған кепілдіктің ұзақ мерзімі үшін тиісті оң ұпайлар автоматты түрде беріледі. Беделі нашар болса (әлеуетті өнім берушінің бұрын мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінде болуы, мемлекеттік сатып алу туралы алдыңғы шарттар бойынша мерзімі өткен, тұрақсыздық айыбының болуы және т.б.), теріс балл беріледі», - деп түсіндірді Ахметов.

Осылайша, баға мен сапа критерийлерін үйлестіре отырып, ең көп балл жинаудың негізінде мемлекеттік сатып алу веб-порталы автоматты түрде конкурс жеңімпазын анықтайтын болады. Осы принцип және жеткізушіні автоматты түрде таңдау тәсілі Оңтүстік Кореяда сәтті қолданылып жүр.