Мемлекет басшысы Үкіметке «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» аясында үлкен міндеттер қойды. Президент атап өткендей, бұл тәсілдің мәні мемлекеттік органдардың халықтың күнделікті проблемаларына ситуациялық жауап беруі ғана емес. Бұл, ең алдымен, билік пен қоғамның тұрақты диалогы. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жаңа жағдайдағы жұмысының басым міндеттеріне тоқталды. Ол ведомствоның алқа отырысын қорытындылады.

«Мемлекет басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын одан әрі іске асыру жөнінде нақты міндеттер қойды. «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын әзірлеу маңызды қадам болып табылады, бұл мәселе бойынша мұқият жұмыс жүргізілуде. Министрлік жұртшылықпен мұқият пысықтап, осы бағытта айтылған барлық пікірлерді ескеруі тиіс. Бұл сіздермен, әсіресе депутаттық корпуспен бірге жұмыс істейтін маңызды жоба. Екіншіден, пандемия адамдар арасындағы өзара көмекті дамытудың маңыздылығын көрсетті. Қайырымдылық мәселелері бойынша әзірленіп жатқан заң жобасы шеңберінде бизнесті қайырымдылық бағдарламаларына қатысуға ынталандыру жөніндегі жаңа тетіктерді көздеу қажет. Үшіншіден, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасын әзірлеу қажет. Ол бойынша да нақты ұсыныстар бар. Ұлттық жоба аясында қазақстандық жастардың өзекті мәселелерін шешудің нақты тетіктері көзделуі тиіс. Отбасылық-гендерлік саясатты жетілдіру жөнінде де жаңа тәсілдер әзірлеу қажет. Бұл заң жобасы белгілі бір талқылаудан өтуде, бірінші кезекте, бұл отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Бүгін жаңа депутаттық топ құрылды, кеше депутаттармен бірге Парламентте бұл мәселе талқыланды. Бұл мәселе қоғамды толғандырады, сізбен бірге жұмыс істеуге болатын нәрсе бар. Бұл заң жобасы белгілі бір резонанс тудырды деп айта аламын, бұл заңды және барлық осы сын - қатерлер ескерілетін болады»,-деп атап өтті вице-премьер.

Қоғамдық санада, әсіресе өскелең ұрпақ арасында зайырлылық пен толеранттылық қағидаттарын қамтамасыз ету үшін министрліктің жүйелі және мұқият тексерілген түсіндіру жұмысы қажет.

«Дін саласында жүйелі жұмыс жүргізу керек. Идеологияның немесе діни радикализмнің таралуына, әсіресе жастар арасында, ерекше көңіл бөлу қажет. Бұл маңызды мәселе. Мысалы, «Жусан»" операциясы. Ол Елбасы мен Президенттің тікелей қатысуының арқасында мүмкін болды. Бірақ араласып, деструктивті жолға түскен азаматтарын еліне қайтарған мемлекеттер саусақпен санарлық. Біз үшін аналар мен балаларды қайтару, шынайы жолға қою маңызды болды. Этносаралық салада практикалық шараларды іске асыруды күшейту қажет. Ол үшін этносаралық қатынастарға теріс әсер етуі мүмкін өңірлер бөлінісінде, тіпті әрбір ауылға дейінгі проблемалық мәселелерді айқындау қажет. Еліміздің барлық өңірлерінде этносаралық жағдайлар проблемаларына жүйелі түрде зерттеулер жүргізу. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешімдер әзірленетін болады», - деді Ералы Тоғжанов.

Ал қазіргі пандемия және халықты қабылданып жатқан шаралар туралы тиімді хабардар ету жағдайында деректерді сапалы ұсыну мәселесі маңызды. Ақпарат объективті және халық үшін қолжетімді болуға тиіс. Сондықтан Премьер-Министрдің орынбасары үздік әлемдік тәжірибені ескере отырып, жаңа формациядағы журналистерді даярлау жүйесін ойластыруды тапсырды.