Білім және ғылым министрлігі интернет-платформалардың жұмысына мониторинг жүргізеді. Өткен жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда, қазіргі кезде білім беру платформаларының жұмысында ілгерілеу байқалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында журналистің сұрағына жауап беру барысында білім вице-министрі Шолпан Каринова хабарлады. Оның атап өтуінше, министрлік тарапынан қашықтан білім беруді ұйымдастыруға байланысты ешқандай қаржы бөлінген жоқ.

«Бұл мемлекет пен бизнестің арасындағы серіктестіктің бір түрі. Платформаны жасау, оның инфрақұрылымын қалыптастыру, формасын әзірлеу, техникалық тапсырмаларын жасау секілді үлкен қаражатты қажет ететін жұмыстарға үкімет тарапынан ешбір қаражат бөлінген жоқ. Бұл IT-компаниялардың міндетіндегі жұмыстар. Сондықтан даму жұмыстары жүргізілетініне сенімдіміз»,- деді вице-министр.

БҒМ мәліметінше, қазақстандық білім беру нарығында 8 интернет платформа бар. Қазіргі кезде контент жағын толықтыру бойынша бірінші тоқсанның сабақтары жасалды, екінші тоқсанның сабақтарын дайындау аяқталды. Соның ішінде мұғалімдерге арналған кері байланыс жұмыстары, мұғалімдер мен оқушылар араласып жұмыс істейтін форумдарды, веб-конференция ұйымдастыру мәселелері бойынша көптеген жаңа функционалдар қарастырылған.