Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 21 қаңтарда Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану ережелерін бекітті. Азаматтар өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке тұрғын үй сатып алу үшін толық есеп айырысу, тұрғын үйдің немесе жеке меншікті үйдің құрылысына үлестік қатысу, сондай-ақ жер учаскесін сатып алу үшін пайдалана алады.

Бұл механизмді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев түсіндірді.

Оның айтуынша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін ипотеканы ресімдеу немесе қайта қаржыландыру, берешекті өтеу кезінде бастапқы жарна үшін де пайдалануға болады. Бұл көпқабатты үйлердегі пәтерлерге де, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша жеке меншік үйлерге де және Ислам банкі бойынша пәтерлерге де қатысты. Сатып алу құқығымен тұрғын үйді ұзақ мерзімді жалға алу шарттары бойынша берешекті де төлеуге болады. Тұрғын үйді жөндеу жұмыстарына бір банктік қарыз шарты шеңберінде ипотекаға қарыз алған кезде жол беріледі.

«Қолданыстағы заң шеңберінде зейнетақы жинақтарын мақсатсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік және тұрғын үй алушының жұбайы мен жақын туыстарынан баспана сатып алуы бойынша шектеулер қарастырылған. 5 жылдан астам өтеу мерзімі бар біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалана отырып, меншікке ресімделген, өтелмеген берешегі бар ипотекалық тұрғын үйді 5 жыл ішінде өткізуге жол берілмейді. «Отбасы банк» және екінші деңгейдегі банктер азаматтарға тұрғын үй жағдайларын жақсартуға арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті операторы бола алады», - деп атап өтті ведомство өкілі.

Арнайы шот ашуға өтінімді таңдалған Банктің сайтындағы жеке кабинетте беруге болады.

Арнайы шотты ашқаннан кейін оның нөмірін, пайдалану мақсатын, қолжетімді соманы, жеке табыс салығын ұстап қалу және аудару тәсілдерін көрсете отырып, төлемге электрондық өтініштерді толтыру қажет.

Төлем алуға «Отбасы банк» арқылы жүгінген жағдайда құжаттар 45 жұмыс күні ішінде ұсынылады, ал өтініш екінші деңгейдегі банктер арқылы берілген жағдайда құжаттарды дереу ұсыну қажет.