2020 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Жедел респираторлық вирустық инфекцияға шалдыққандар саны өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға төмендеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ғиният Ажар мәлімдеді. Оның айтуынша, елімізде вирустық инфекцияларға қарсы күресті ұйымдастыру үшін тиісті шаралар қабылдануда.

«Тұмадың алдын алу үшін емхана деңгейінде асқыну қаупі жоғары адамдарға екпе жасалуда. Осы мақсатта вакцинаның 2 млн. 200 дозасы сатып алынды. Қазіргі уақытта 1 млн. жуық адам егілді. Мысалы, 220 мың жүкті әйелдің 49 мыңға жуығы немесе 22 пайызы вакцинацилаудан өтті. Жүкті әйелдердің кем дегенде, 40 пайызына екпе жасау жоспарланған», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, ЖРВИ, тұмаудың және коронавирустың инфекциялардың ауыр түрін болдырмау үшін амбулаториялық деңгейде барлық емханаларда дәрі-дәрмек тегін беріледі.

Сонымен қатар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары дайындалуда. Емханаларда медициналық қызметкерлер мен пациенттердің санитарлық-гигиеналық талаптарына сай жағдайлар жасалуда. Қызуы жоғары науқастар, жүкті әйелдер мен балалар үшін бөлек фильтр кабинеттер ұйымдастырылды. COVID-19 жұқтырғандарға бөлек кабинеттер жұмыс істеуде.