Батыс Қазақстан облысында өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,2%-ға өсіп, 1,4 трлн теңгені құрады. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.

Оның айтуынша, өңірде өңдеу өнеркәсібінде аздап төмендеу байқалады, бұл пандемияға байланысты Ресей Федерациясына экспорттың азаюына байланысты орын алды. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібінде жаңа жобалар, оның ішінде жиһаз құрастыру, трансформаторлар шығару және терілерді қайта өңдеу бойынша жаңа цехтар іске қосылады.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, Қазақстанның батыс өңірлері мұнай химиясын дамытуы тиіс. Біздің болжамымыз бойынша газ қорының көлемі 60 жылдан астам уақытқа жетеді. Мұнайға сұраныстың төмендейтіні болжанып отырғандықтан, газды терең өңдеу бойынша жоба қажет. Қазіргі кезде газ-химия бойынша ықтимал жобаларды талқылануда», - деді Ғ.Есқалиев.

Ресми мәліметтерге сәйкес, жергілікті «Zhaik Petroleum Ltd» компаниясы құны 228 млн доллар болатын сұйық метанол өндіретін зауыт құрылысы бойынша жобаны жүзеге асыра бастады.