Дағдарыс пен пандемия кезінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға баса назар аударылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен пайдаланусыз жатқан ауылшаруашылық жерлерінің 72,1 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлім етті. Сондай-ақ, суармалы жерлерді көбейту және ауыл шаруашылығында жаңа салаларды дамыту көзделген.

«Біздің мақсатымыз - биылғы жылы өңірде 382 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіру. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,6%-ға артық, ал еңбек өнімділігі 7% құрайды. Қазіргі кезде 800-1 млрд текшеге жуық су Қырғызстаннан алынады. Үкіметтің бағдарламасы бар. Осы тәуелділіктен арылу үшін 3 су қоймасының құрылысы қолға алынбақ. Тағы екі су қоймасында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жер асты сулары пайдаланылады және жаңа технологиялар енгізіледі», - деді аймақ басшысы.

Б.Сапарбаев Жамбыл облысында 120-дан астам су айдыны зерттеліп, таулы жерлерде форель өсіруге арналған 22 учаске анықталғанын атап өтті.