Ішкі істер органдары, әдетте, әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылыққа ұласқан кезде мектеп пен жастар арасында жәбірлеу белгілеріне ден қояды. Яғни, іс-әрекеттер жасалғаннан кейін. Қорлаудан бастап, түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алуға дейін, - деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.

Ол қылмыстық немесе әкімшілік кодекске құқық бұзушылықтардың жекелеген құрамдарын енгізу қажеттілігі туралы әріптестерінің ұсыныстарын қолдады. Бұл жаңа заң жобасында қарастырылмаған. Бірақ елімізде буллингке бейім балалардың жекелеген топтарымен әлеуметтік-психологиялық жұмыс жүргізу тетіктері жоқ.

«Біздің ойымызша, ұлттық заңнамаға «буллинг» және «кибербуллинг» ұғымдарын енгізу проблемалық мәселелер шеңберін белгілеуге және оларды шешуге кешенді қарауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл әлеуметтік қызметтердің жұмысын осы жағымсыз құбылысқа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою үшін қайта форматтауға негіз болады. Атап айтқанда, балаларға арналған арнайы бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру, психология және әлеуметтік қорғау институтын одан әрі дамыту арқылы. Мұндай тәжірибе көптеген шет мемлекеттерде бар», - деді генерал.

Айта кетейік, Ұлыбританияда мұғалімдер кибербуллингтің барлық түрлерінің алдын алу мақсатында арнайы дайындықтан өтеді; Францияда мұғалімдер оқушылардың блогтарын қадағалап, жәбірленушілерге көмектеседі, агрессорлар мектептен шығарылады, Канадада 130 зерттеуші ғалым мен 62 ұлттық жастар ұйымы кіретін ірі ұйым оқушыларға қатысты кибербуллингтің алдын алу әдістемесін әзірлеумен айналысады, ал Жапонияда 2013 жылдан бастап жәбірлеудің алдын алу шараларын дамыту туралы заң қолданылады. Әрбір мектеп жәбірлеудің алдын алу үшін мектеп саясатының негіздерін дербес әзірлеуге, жәбірлеудің алдын алу үшін ішкі әлеуметтік құрылым құруға міндетті.