Шағын және орта бизнестің 16 мыңнан астам жобасын «Бәйтерек» холдингі субсидиялады. Кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы көмек көрсетілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Қарағойшин мәлім етті.

«Шағын және орта бизнесті қолдаудың қажетті құралдарының бірі сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау болып табылады. 2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша «Даму» қоры бағдарламаның үш бағыты бойынша 2010 жылдан бастап 2,8 трлн теңгелік 16311 жобаны субсидиялады. Оның ішінде 2018 жылы жалпы сомасы 173 млрд теңгелік 1 432 жобаға, ал 2019 жылы 154 млрд теңгелік 2 402 жобаға қолдау көрсетілді. Яғни, салыстырсақ, біз қолдау көлемін арттырып жатырмыз», - деп атап өтті Рустам Қарағойшин.

Спикер мысал ретінде «ҮМІТ» томотерапия және ядролық медицина аурухана кешені» ЖШС келтіріп өтті. Мемлекеттік қолдаудың арқасында компания елордада радиотерапия және ядролық медицина емдеу-диагностикалық аурухана кешенін салды.

«Бұл Қазақстан мен Орта Азиядағы бірегей кешен. Мұнда онкологиялық науқастарды томотерапияның жаңа заманауи әдісі (сәулелік терапияның жаңа әдісі) бойынша «TomoTherapy HD» жабдықтарын қолдана отырып емдейді. Осы әдістің арқасында қатерлі ісіктің барлық түрлерін емдеуде үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болады», - деді Р.Қарағойшин.

Кешен басшысы құрылысты аяқтау үшін екінші деңгейлі банктен 5 жылға 13,5% несие алды. Мемлекет «Бизнестің жол картасы-2020» аясында жартысын субсидиялайды.

Ең көп субсидияланатын жобалар өңдеу өнеркәсібінде - 4 444, несиелердің жалпы сомасы - 1,2 трлн теңге, көлік және қоймалау саласында 413 млрд теңгелік 3 629 жоба, көтерме және бөлшек саудада 286 млрд теңгелік 2 293 жоба, ауыл шаруашылығындағы 1 220 жобаның құны 144 млрд теңге.

Өңірлер арасында Павлодар облысы мен Шығыс Қазақстан көш бастап тұр.