БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының дербестендірілген есебін жүргізуді жалғастырады. Ал жинақтардың бір бөлігін төлеу өкілетті оператордың электрондық хабарламасы бойынша жүзеге асырылатын болады. «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов салымшыдан түскен өтінімді қарау рәсімі қалай және қанша уақытқа созылатындығын айтып берді.

«Жинақтарының бір бөлігін алу туралы шешім қабылдайтын немесе шешім қабылдаған азаматтар Үкімет айқындайтын тұрғын үй сатып алу және емдеу мәселелері жөніндегі өкілетті операторға жүгіне алады. Мұндай оператор «Отбасы банк» ТҚЖБ болады деп болжануда. Салымшының қажетті құжаттарын қарағаннан кейін өкілетті оператор зейнетақы жинақтарын салымшы өз өтінімінде анықтап, көрсеткен мөлшерде аудару үшін БЖЗҚ-ға тиісті хабарлама жібереді. Бұл ретте салымшы бірден жеке табыс салығын төлеу тәсілдерінің бірін таңдауы тиіс. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, азаматтар ЖТС екі жолмен төлейді: жинақтарды алған кезде толық көлемде төлеу немесе мерзімін ұзарту, ЖТС зейнеткерлік жасқа жеткен кезде бөліп төленеді. Одан әрі БЖЗҚ зейнетақы жинақтарының барлық криетрийлерге және алу талаптарына сәйкестігін тексереді. Өкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ бес жұмыс күні ішінде өкілетті операторға зейнетақы жинақтарынан тиісті аударымды жүзеге асырады, ол өз кезегінде бір жұмыс күні ішінде салымшының жинақтарын арнайы шоттарға аударады, онда ақша 45 жұмыс күн бойы сақталады», - деп түсіндірді зейнетақы қорының басшысы.

Егер салымшы белгіленген мерзімде қаржыны пайдалану мақсатын таңдамаса, ақша кері қайтарылады. Зейнетақы жинақтарының қолжетімді сомасын БЖЗҚ сайтындағы жеке кабинеттен немесе мобильдік қосымшадан білуге болады.