Атап айтқанда, «Jýsan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «BCC Invest» АҚ. Жалпы 6 компания Агенттік талаптарына сәйкес келеді. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары Гульчехра Талкамбаеваның айтуынша, басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін инвестициялау стратегиясы олардың инвестициялық декларациялары шеңберінде дербес айқындалатын болады, бұл ретте олар Агенттік рұқсат берген қаржы құралдарының тізбесін назарға алуға тиіс. Оған Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары, сондай-ақ өзге мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары, корпоративтік сектордың үлестік және борыштық бағалы қағаздары, екінші деңгейдегі банктердің салымдары және ҚР резидент емес банктерінің салымдары кіреді.

«БЖЗҚ ақпараты бойынша, бүгінгі таңда салымшылардан өздерінің зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушылардың сенімгерлік басқаруына аударуға қатысты 99 өтініш келіп түсті. БЖЗҚ есептеулері бойынша аударымдардың жалпы сомасы 257 млн теңгені құрады. Портфельді әртараптандыру мақсатында зейнетақы активтерін қаржы құралдарының бір шығарылымына - облигациялар үшін 50%-дан аспайтын және акцияларға 10%-дан аспайтын, сондай-ақ бір ұйым және оның үлестес тұлғалары шығарған қаржы құралдарына-зейнетақы активтерінің 10%-ынан аспайтын инвестициялау лимиттері белгіленетін болады. Валюта түрлері бойынша теңгерімді портфельді қалыптастыру үшін зейнетақы активтерінің 50%-ынан аспайтын валюталық лимит қарастырылған», - деп түсіндірді қаржыгер.

Басқарушы компанияның үлестес тұлғалары шығарған акцияларға айырбасталатын акцияларды немесе борыштық қаржы құралдарын сатып алуға және зейнетақы активтері есебінен үлестес тұлғалармен мәмілелер жасасуға тыйым салу көзделген. Ұлттық банк пен жеке басқарушы компанияның түрлі инвестициялық стратегияларын пайдалану зейнетақы жинақтары бойынша тәуекелдер мен табыстылықты әртараптандыруға ықпал ететін болады.