Жеке сот орындаушылары бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар санаттағы істерді қарайтын болады.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен халық алдында есеп беру кездесуінде Әділет министрі Марат Бекетаев мәлімдеді.

Ведомство басшысының ақпараты бойынша, егер жеке сот орындаушысы бір ай ішінде атқарушылық құжаттар істерінің әлеуметтік-маңызды санаттары бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын қолданбаса, онда қызметпен айналысу құқығына берілген лицензиядан айырылады.

Бұдан басқа, Әділет министрлігі тарапынан бақылау және прокуратура органдары тарапынан қадағалау күшейтілді, бұл жеке сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді.

М. Бекетаев атап өткендей, заңнамада шектеу шараларын алып тастау тәртібін, соның ішінде өндіріп алушының өтініші бойынша қайтарылған атқарушылық құжаттар бойынша реттеу, сондай-ақ олқылықтар мен коллизияларды жою қарастырылған.

Ведомство басшысының айтуынша, «Атқарушылық іс жүргізу туралы» заңға енгізілген түзетулерді Парламент қабылдады және қазіргі сәтте Мемлекет басшысының қарауына жолдауға дайындап жатыр.