Бүгінгі таңда өңірлік комиссиялар өлім-жітім бойынша 182 өтінімді қарады. Кәсіби қызметін атқару кезінде коронавирустан қайтыс болған барлық 182 медицина қызметкерінің отбасыларына 10 млн теңге мөлшерінде әлеуметтік өтемақы тағайындалды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың коронавирустық инфекцияның жаңа толқынына дайындық, қайтыс болған дәрігерлердің отбасыларына барлық тиісті жәрдемақыларды толық тексерусіз төлеу жөніндегі тапсырмасы жедел мерзімде орындалды. Мемлекет басшысы атап өткендей, қызмет атқару кезінде медицина қызметкерлерінің сырқаттануының барлық расталған жағдайлары бойынша төлем сөзсіз жүзеге асырылуы тиіс. Бүгінгі таңда аурудың расталған жағдайлары бар 6341 медицина қызметкері өтемақы алды. Біз індетке қарсы іс-шараларға қатысқан барлық медицина қызметкерлерін тиісті әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз», - деп сендірді Цой.

Қазіргі кезде 77 млрд теңге төленді. Медицина қызметкерлерін жыл соңына дейін ынталандыру бойынша үстемеақыларға тағы 137 млрд теңге бөлінді.