Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін Қазақстан барлық қажетті шараларды қабылдап, күзгі маусымның өтуіне дайындалуда. Бұл ретте, жағдайға қарамастан, медициналық мекемелер жоспарлы режимде жұмыс істеп, пациенттерді қабылдайтын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

«Екінші толқын жағдайында біз бүкіл ел бойынша 70 мыңнан астам төсек-орынды тез орналастыруға дайынбыз. Оның 51 мыңы жұмыс істеп тұрған стационарларда тұр»,- деді А.Цой.

Оның айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар шұғыл шаралар қабылданды. COVID-19 бойынша 11,4 млрд теңгеге қосымша екі айлық төмендемейтін дәрілік заттар қоры қалыптастырылды. Барлық өңірлерде неғұрлым сұранысқа ие дәрілік заттар бойынша жалпы сомасы шамамен 13 млрд.теңгеге тұрақтандыру қорлары құрылды. Сонымен қатар, амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді. Дәрілік заттардың 5 атауын қамтитын COVID-19 нозологиясы енгізілді.

«Үйде коронавирустан емделу үшін жыл соңына дейін 1 млн.пациентке тегін дәрі-дәрмек қарастырылған. Сондай-ақ халықтың осал топтарын вакцинациялау үшін тұмауға қарсы вакцинаның 2,2 млн.дозасы сатып алынды. Вакцинация 15 қыркүйекте басталды, бүгінгі күні шамамен 1 млн.адам немесе жоспарланғанның 44% егілді. Алдын ала есептеулер бойынша республикада 2,8 млн.адам немесе барлық халықтың 15% - ы тегін вакцинациялауға жатады»,- деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Қазіргі уақытта инфекциялық және провизорлық стационарларда 3 379 ӨЖЖ аппараты бар, қосымша 2 619 бірлік, оның ішінде 1 500 отандық өндіріс аппараты сатып алынуда. 21 мыңнан астам төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген, қазан айының соңына дейін қосымша 9 мыңға жуық төсек-орын қамтамасыз етіледі.

Аудандық ауруханаларды қосымша жабдықтау үшін 11 өңірде қолда бар 132-ге отандық өндірістің рентген аппараттарының 53 бірлігі қосымша сатып алынады.

«Министрлік коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін барлығын жасауда және жағдайға қарамастан, біз жоспарлы көмек көрсетуден бас тартуды жоспарламаймыз. Бұл Қазақстанның барлық медициналық мекемелері штаттық режимде жұмыс істейтіндігін білдіреді»,- деп атап өтті А.Цой.