COVID-19 немесе коронавирустық пневмонияға шалдыққан науқастар аурудан жазылған соң оңалтудан өте алады. Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі оңалту жөніндегі ережеге тиісті өзгерістер енгізді. Медициналық ұйымдарда көрсетілетін оңалту бойынша көмек Қор тарапынан уақытылы қаржыландырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медициналық көмектің сапасын бақылау департаментінің директоры Ляззат Шоманова журналистің қойған сұрағына берген жауабында мәлімдеді.Оның айтуынша, оңалту бірнеше кезеңге бөлінген.

«Алғашқы кезеңде науқас стационарда жатады. Егер ол интенсивті терапияда және реанимациялық бөлімшеде емделіп шықса, қанының оттегімен қанығуы 95 пайыз және өкпесінің зақымдануы 50 пайыз болса, онда ол оңалтудың екіншісіне жіберіледі, яғни тәулік бойы стационарда болады. Ал егер көрсеткіштері мен айтқаннан төмен болса, онда бұл оңалтудың жеңіл түрі, үшінші кезеңге жіберіледі. Өкпенің 25 пайызы ғана зақымдалуы мүмкін, бірақ ілеспе аурулары бар болса, және науқастың қалпына келу уақыты созылып кетсе, онда ол стационарлық көмекке жіберіледі», - деді Л.Шоманова.

Оның атап өтуінше, стационарлық көмек белгілі бір профильді бөлімшелерде, реабилитациялық және санаториялық курорттық мекемелерде өткізіледі.

«Амбулаториялық емханаларда оңалтудың үшінші кезеңі өтеді. Ол күндізгі стационар, үйде көмек көрсету стационары және қашықтан көмек көрсету түрінде болуы мүмкін. Егер адам үйде отырып, коронавирустық пневмониямен ауырса, онда ол оңалтудан өту мүмкіндігіне ие. Ол үшін тіркелген орны бойынша емханаға барып, учаскелік дәрігердің кеңесіне жүгіну керек. Ол науқасты реабилитолог маманға немесе мультидисциплинарлық бригадаға жібереді. Мамандардың кеңейтілген кеңесінде науқасқа қажетті оңалтудың мөлшері, оңалту картасы бойынша барлық көмектің уақыты және қай жерден алуға болатыны нақтыланады», - деді спикер.