Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Алексей Цой Коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу бойынша комиссияның кезекті отырысының қорытындысы бойынша жасаған мәлімдемесінде айтты.

Министр 22 маусым мен 30 шілде аралығында Нұр-сұлтан қаласы бойынша статистиканы жариялай отырып, елордада жедел жәрдемге жүгіну саны 2,3 есе, оның ішінде КВИ мәселелері бойынша тәулігіне 500-ден 86-ға дейін, жедел жәрдем шақырулар саны 3 есе (тәулігіне 3 мыңнан 1 мың шақыртуға дейін) азайғанын, сондай-ақ стационарлардың жүктемесі 99-дан 35,7%-ға дейін төмендегенін жеткізді.

Еліміздің бас дәрігері Шымкент қаласы бойынша статистикаға да тоқталып өтті. Оған сәйкес жедел жәрдем шақырулар саны 43%-ға азайды, стационарларда емделіп шыққан пациенттер саны 56,9%-ға артты.

«Ел бойынша провизорлық стационарлар жабылуда. Дегенмен олар біздің резервте қалады. Егер қосымша төсек-орындар қажет болса, бұл стационарлар бастапқы мақсатта ашылады және коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін де қолданылады», - деді А.Цой.