Бүгінгі таңда бизнеске арзан ақша қажет. Карантин кезінде қабылданған шаралар – жартылай шаралар. Себебі банктер төлемді тек кейінге қалдыра алады. Ал жүктеме болса, қалған мерзімге түседі. Несие желісін ұзартып, кәсіпкерлердің несиелерін жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен қайта қаржыландыру қажет. «Ақ жол» партиясының мұндай ұсынысын Мәжіліс депутаты Дания Еспаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еске салып өтті.

«Меніңше, Президенттің мөлшерлемені 6%-ға дейін төмендету» туралы тікелей тапсырмасының болғаны жақсы. Бірақ бұл бағдарлама қалай жүзеге асырылады? Біз мыналарды ұсынамыз: шағын және орта бизнеске жылдық 20%-бен несие берген банктер сол несиені қайта қаржыландыру немесе субсидияламас бұрын мөлшерлемені Жол картасындағыдай жылдық 14%-ға дейін жеткізуі тиіс. Ал одан әрі 14%-дан бастап 6%-ға дейін субсидиялау керек. Қалай болғанда да, соңғы қарыз алушы – кәсіпкер, 6% төлейді, ал мемлекет 20% емес, 14% бастап субсидиялайды. Осылайша, біз бюджеттен субсидиялауға ақша бөлетін қарыз алушылардың көбін қамтимыз»,- деді Д.Еспаева.