Жыл соңына дейін 6 млн жуық қазақстандық COVID-19-ға қарсы екпе алады. Вакцина мемлекет резервіндегі қаражат есебінен тегін жасалады. Ақпан айында ресейлік «Спутник V» вакцинасын егу басталады. Алғашқылардың қатарында оны салалық ведомствоның вице-министрлері де алуға дайын. Бұл туралы ОКҚ-да журналистердің сұрағына жауап берген денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.

«Біз денсаулық сақтау министрлігі ретінде бұл вакциналарды алғашқылардың бірі болып алуға дайынбыз», - деп атап өтті ол. Мәселе қандай вакцинаны таңдағандарында?

«Ресейлік «Спутник V» және отандық «QazCovid-in» вакциналары Қазақстан аумағында өндіріледі. Біз қоғамға үлгі болуымыз керек, бұл вакциналар қауіпсіз және иммундық реакцияны тудырады. Қиясов мырза мен Гиният ханым «Спутник V» вакцинасын алуға өз еркімен шешім қабылдады. Мен вакцинациялау мәселелерімен айналысатындықтан және маған белгілі бір ақпарат қолжетімді болғандықтан, қазақстандық вакцинаның сенімді екенін білемін. Сынақтар аяқталған соң, ол нарықта қолжетімді болған кезде, мен алғашқылардың қатарында егілемін», - деді бірінші вице-министр.