Амбулаториялық деңгейде КВИ-мен ауырған кейбір медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуден бас тарту фактілері бойынша журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, салалы министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахметов үстемеақы төлеу алгоритмі туралы айтты.

Оның айтуынша, үстемеақы алушылардың тізімін жедел штабтар жанындағы өңірлік комиссиялар қалыптастырады, оған әкімдердің орынбасарлары, медициналық сақтандыру қоры филиалдарының қызметкерлері, өңірлік бас санитарлық дәрігерлер, өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен ҮЕҰ өкілдері кіреді. Осы тізімдердің негізінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры медицина қызметкерлеріне жалақысына үстемеақы төлейді.

«Ай сайын инфекциямен күрес жағдайында жұмысқа тартылған медицина қызметкерлерінің саны артып келеді. Егер салыстыру үшін наурыз айында мұндай үстемеақыны 19 мың қызметкер алған болса, маусым айында олардың саны 53 мыңға дейін өсті. Ал шілде айының қорытындысы бойынша 78 мың медицина қызметкері өздерінің жалақысына 212 мыңнан 850 мың теңгеге дейін үстемеақы алады», - деп түсіндірді Б. Қожахметов.

ҚР ДСМ ресми өкілі түсіндіргендей, коронавирустық инфекциямен ауырған медицина қызметкерлеріне үстемеақы бойынша шешімдерді белгілі бір критерийлерге сүйене отырып, тек комиссия қабылдайды.