Сапалы жоспарлау және дәрілік заттарды сатып алу шеңберінде сертификаттау, тіркеу, ал COVID-19 ды емдеуге арналған жаңа препараттарды әкелу жолдары жеңілдетілді. Өңірлерде арнайы тұрақтандыру қорлары құрылды.

«СК-Фармация» дәрі-дәрмектердің айлық қорын қалыптастырды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті.

Оның айтуынша, шілде айының соңына дейін дәрі-дәрмектер барлық өңірлік ауруханаларға жөнелтілетін болады. Сонымен қатар нарықты медициналық препараттармен толтыру үшін «СК-Фармация» қоймаларында дәрілік препараттардың екі айлық қорын қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ведомство басшысы атап өткендей, отандық көтерме жеткізушілерге көмек көрсету мақсатында Қазақстанға 4 млн.астам дәрілік заттарды жеткізу бойынша Ресей мен Үндістанға 6 арнайы авиарейс ұйымдастырылған. Медициналық препараттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қосымша арнайы борттар көзделеді.

«Дәрі-дәрмектер бөлшек желіде пайда болды. Иә, кей жерлерде де белгілі бір тапшылық бар, бірақ жалпы жағдай тұрақтанды. Бұл үшін нарыққа оңай кіріп, осы дәрі-дәрмектерді жеткізу үшін арнайы жағдайлар жасалған. Отандық компаниялар нарыққа қажетті дәрі - дәрмектерді уақытылы жеткізетін болады», - деді А.Цой.

Ауыр аурулардың өсуіне жол бермеу және стационарларда пациенттерді емдеу қажеттілігін төмендету мақсатында пневмонияны, коронавирустық пневмонияны және үй жағдайында COVID-19 тікелей емдеу хаттамаларына бес негізгі фармпрепаратты енгізу туралы мәселе пысықталуда. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта амбулаториялық емдеу үшін аталған препараттарды жеткізу мәселесі шешілуде.