Денсаулық сақтау министрлігінде 21 мыңға жуық дәрігер мен орта буын медицина қызметкері өз еркімен жұмыстан кеткен. Тараптардың келісімі бойынша - 9 мың. Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2020 жылғы статистикалық мәліметтермен бөлісті. Өткен жылы бұл көрсеткіштер әлдеқайда жоғары болған.

«Кадрлар тұрақсыздығының жоғары болуынан қалыптасқан кадрлар тапшылығы еңбекақы төлеу жүйесінің жетілдірілмеуіне, медицина қызметкерлерін ынталандырудың төмендігіне, құқықтық тұрғыдан қорғалмауына, әлеуметтік қолдау деңгейінің жеткіліксіздігіне негізделеді. 2019 жылмен салыстырғанда кадрлардың тұрақтамауы жағынан оң үрдіс байқалады. Жүргізілген талдаулар көрсеткендей, 2020 жылғы 10 қазандағы жағдай бойынша жұмыстан босатылған медицина қызметкерлерінің (дәрігерлер және ОМҚ) саны 31 129, оның ішінде дәрігерлер – 10 669 және ОМҚ – 20 460 құрады. Бұл 2019 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 9,3%-ға төмен», - деп түсіндірді спикер.