Қазіргі уақытта елімізде коронавирустық инфекциямен қайта ауырғандар тіркелген жоқ. Алайда, COVID-19-ға қайта тапсырылған талдаулардың оң болып шыққан жағдайла бар. Бұрын ауырып, жазылған азаматтардан басқа адамдарға жұқтыру қаупі бар ма? Мұндай жағдайлар немесе осындай статистика бар ма? Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистердің осындай сұрақтарына жауап берді.

«Мен Денсаулық сақтау министрінің Қазақстанда коронавирус инфекциясын қайта жұқтырған бірде-бір факті тіркелмегені туралы сөзін тағы да растаймын. Сонымен қатар, COVID-19-бен ауырып, емделгендер симптомсыз тасымалдаушыларға теңестірілетінін атап өткім келеді. Сондықтан мұндай азаматтар емделгеннен кейін үйде карантинде болуы керек және өзін-өзі оқшаулау бойынша санитарлық талаптарды қатаң сақтағаны жөн», - деп түсіндірді Б.Қожахметов.