Экологиялық мәселелердің алдын алу үшін тақырыптық бейнероликтер әзірлеп, жабыстырмалар дайындау керек.

Түкіруге, қоқыс тастауға болмайды деген ескертулер жиі айтуылуы тиіс. Орманға бардың ба, от жақпа, қоқысты алып кет деген сияқты үгіт жұмыстарын үздіксіз жүргізу керек. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен сараптамалық брифингте Қазақстан NUR ALEM павильонының жетекшісі Әсем Омар осындай пікірін жеткізді.

Оның айтуынша, экологиялық білімді қалыптастыру әр отбасының міндеті. Баланың бойындағы туған жеріне, табиғатқа деген аяушылық сезімді, жанашырлықты әке шешесі, ата-әжесі ояту керек.

«Ата-бабамыздың ұлан-байтақ жеріне немқұрайлы қарамау - әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Ертең тастаған қоқыс өзімізге ауру болып жабысатынын түсінуіміз керек. Әр адам осыны бойына сіңіруге тиіс. Менің жерім, мен осы ауамен демалам, осы суды ішем деп ойлауы керек»,- дейді Ә.Омар.

Ә.Омардың атап өтуінше, экологиялық мәдениет адамның бойында туа-біткеннен қалыптасады. Ол үшін ақылды болудың немесе эколог, мұғалім болу керек емес. Бірақ қазіргі кезде жануарларға көрсетіліп жатқан қатыгездікке қарағанда кейбір адамдарға экомәдениетті үйретіп, жаппай сауаттандыруды қолға алу керек.