Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте цифрландыру және аккредиттеу мен сертификаттау процестерін жетілдіру бойынша маңызды жобаға тоқталды.

«Ол аккредиттеу мерзімін қысқартуға және сәйкестікті бағалау саласындағы құжаттарды бұрмалау мен қолдан жасауды жоюға мүмкіндік береді. Бұл міндетті Мемлекет басшысы да алға қойған болатын. Шілде айынан бастап өтінім беру, қорытындылар беру, шарттарға қол қою процесін цифрландырдылған е-аккредиттеу электрондық жүйесі іске қосылды. Цифрлық форматқа көшу 1 600-ден астам аккредиттеу субъектісін қосымша құжаттар мен анықтамаларды жинау қажеттілігінен босатуға мүмкіндік береді, өтініш берушілердің уақыты мен қаражатын үнемдейді, сондай-ақ аккредиттеу жөніндегі орган тарапынан деректерді қайта тексеруді болдырмайды» - деді министр күтілетін нәтижелерге тоқтала келе.

Қазіргі таңда жүйеде 700-ден астам ұйым және 2700 пайдаланушы жұмыс істейді. Бүгінде сертификаттау процесін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге ревизия жүргізілуде және электрондық сертификаттауды заңдастыру бойынша жұмыстар қолға алынды. Парламентте «Техникалық реттеу туралы» заң жобасы қаралуда. Құжатқа электрондық сертификаттар, декларациялар және сынақ хаттамалары бойынша нормалар енгізілген.

«Бірыңғай платформада Еуразиялық одақтың жалпы процестеріне одан әрі біріктіре отырып, Мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің тізілімі қалыптастырылады. Яғни, ЕАЭО-ның барлық елдерінің берілген сертификаттары туралы барлық деректер бір жүйеде біріктірілетін болады. Оны экспорттық-импорттық операциялар бойынша «бірыңғай тереземен» байланыстыра отырып, біз өз өнімімізді ЕАЭО нарығынан басқа үшінші елдерде де сапалы әрі бәсекеге қаілетті түрде өткізуге мүмкіндік береді», - деді министр.