Әлем үшін әдеттен тыс құбылыс «қара» қар қарағандылықтар үшін үйреншікті жайт. Бірақ олар мұнымен күресуге ниетті. Еліміздің өнеркәсіптік аймағында тыныс алу қашан жеңілдейді? Бұл жергілікті билік көптен бері назарына алған күрделі мәселе. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

«Қарағанды облысы үшін қоршаған ортаны және экологиялық қауіпсіздікті сақтау, әсіресе, Теміртау, Жезқазған, Балқаш сияқты ірі елді мекендер үшін өзекті. Бұл қалалардың тұрғындары осы аймақтардағы негізгі ауа ластаушылар болып табылатын жүйе құрушы кәсіпорындардың жұмысына наразы. Бұл «ArcelorMittal Теміртау», «Қазақмыс» және басқа да кәсіпорындарға қатысты. 3 жыл бұрын Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тапсырма беріп, экология министрлігі осы кәсіпорындармен бірлесіп, өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жол картасын әзірлеп, қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2025 жылға дейін осы кәсіпорындардан атмосфераға зиянды заттардың шығарындылары 30%-ға қысқаруы керек. Бүгінде бұл бағдарлама жүзеге асырылуда. Олар өздерінің өндірістік процестеріне экологиялық технологияларды енгізуде, бірақ аталған аймақтардың тұрғындары жұмыс қарқынын жылдамдатуды сұрайды және шығарындыларды азайту процесінің серпінді болғанын қалайды. Осыған байланысты, өткен жылы облысқа «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры арқылы табиғи газ тартылғанын ескере отырып, қазір «Қазақмыс» және «ArcelorMittal Теміртау» кәсіпорындарымен белсенді түрде Теміртау мен Жезқазғандағы кәсіпорындардың бірқатар өндірістік үдерістерінде газды пайдалану жобасын пысықтап жатырмыз. Бұл экологиялық шаралар бойынша қосымша әсер беруге мүмкіндік береді. Осы жобалар іске асырылған жағдайда жақын арада шығарындыларды 50%-ға дейін қысқарту жоспарланып отыр», - деп жауап берді әкім.

Айта кетейік, газға көшу экологиялық әсерден басқа, жаңа жылда жаңа техникалық жабдықтарға қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.