Павлодар облысында экология мәселесі аса өзекті. Оны шешу жолдары 4 негізгі бағыттан тұрады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қойылған сұраққа берген жауабында айтып берді.

Оның айтуынша, өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындыларын шектеу, тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару, көгалдандыру және экологиялық қоғам өкілдерімен өзара іс-қимылды күшейту бағдарламалары бар.

«Бізде экологиялық кеңес жұмыс істейді. Жақында оның отырысы өтті және жергілікті атқарушы органдардың, экология министрлігінің аумақтық органдарының және экологиялық қоғамның өзара іс-қимыл мәселелерімен тығыз айналысатын төрт жұмыс тобын әзірледік. Сонымен қатар, ERG тобының ірі кәсіпорындарында шығарындыларды азайту бойынша он жылдық бағдарлама іске асырылуда. Олар өздерінің ескірген фильтрлерін заманауи гибридтермен жаңартуда. Алғашқы екі фильтр Павлодар алюминий зауытында орнатылды. Олар бойынша шығарындылар жылына 2,4 тоннаға азаяды», - деп атап өтті аймақ басшысы.

«Ал келесі жылдан бастап Павлодар қаласында жыл сайын биіктігі 1,5-2 метр 20 мың ағаш отырғызылатын болады. Бұл бағдарлама Екібастұз бен Ақсу қалаларында қолға алынады», - деп сендірді Сқақов.

Осылайша, қоршаған ортаға түсетін жүктеме азаяды деп күтілуде.