2020 жылдың 8 айында Экономикалық тергеу қызметі 1 394 қылмыстық іс қозғады және өтелген залал сомасы 20%-ға артып, 33 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элиманов хабарлады.

«Біз экономикалық қылмыстың ұйымдасқан түрлеріне жиі кезігеміз. Тек 8 айдың ішінде ҰҚТ ұйымдастырушылары мен мүшелеріне қатысты 44 қылмыстық іс қозғалды. Бұл соңғы 5 жылдағы рекордтық көрсеткіш», - деп атап өтті Элиманов Жанат.

Талдау арқылы криминалдық қолма-қол ақшамен айналысатын 60-тан астам ықтимал қылмыстық топ анықталды. Бұл үшін олар 1 200-ден астам бақыланатын компаниялар құрған, олардың қаржылық айналымы 2 триллион теңгеден асты. «Барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалды, 98 адам күдікті деп танылды, оның 28-і қамауға алынды, тағы 29-ы үй қамауына алынды. Нәтижесінде жалған шот-фактураларды жазып беру фактілері 2 есеге артты. Осы салада, жалпы, 19 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Соңғы 5 жылда алғаш рет қолма-қол ақшаны алу деңгейі 38%-ға азайды», - деді ҚМК төрағасы.

Бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтау бойынша жұмыс ерекше бақылауда. Ол үшін Бас прокуратурамен бірлесіп, «Қазына» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Осы жұмыс шеңберінде бір күндік фирмалармен 63 млрд теңгеге тұрақты өзара есеп айырысулары болған мемлекеттік сатып алудың 90-нан астам сенімсіз жеңімпаздары анықталды. Олар бойынша 20 қылмыстық іс қозғалды, қалғандары бойынша тексеру шаралары жүргізілуде.

Сондай-ақ, ҚМК төрағасы өткен жылдан бастап суррогат алкоголь өнімін өндіру бойынша 50-ден астам жерасты цехтары жойылып, заңсыз айналымнан бір жарым миллионнан астам бөтелке, 400 мың литрге жуық спирт, сондай-ақ 500 мың жалған есепке алу-бақылау маркалары алынғандығын хабарлады. Бұл шаралар көптеген азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтауға ықпал етті, өйткені көбінесе суррогат алкоголі жайлы сөз қозғалады. 2020 жылдың 8 айында 765 заңсыз ойын мекемелері қызметінің жолы кесілді, 22 жасырын казино жойылды, ойын терминалдары, рулеткалар және т. б. түріндегі 12 мыңға жуық зат тәркіленді.

«Осылайша, сарапшылар жылына 60 млрд теңгені құрайды деп бағалаған осы көлеңкелі саланың экономикалық негізі айтарлықтай бұзылды. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлері заңсыз ойын мекемелерінен іс жүзінде тазартылды. Бұл экономикалық емес, әлеуметтік мәселе. Лудомандар ойнауға ақша табу үшін ұрлық, алаяқтық және тонау жасаған көптеген жағдайлар бар. Біз көптеген азаматтарды отбасыларға зиянды болатын ойынға тәуелділіктен қорғадық деп ойлаймыз», - деді ҚМК төрағасы Жанат Элиманов.