1 ақпанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен вакцинаның түсуіне байланысты халықты коронавирустық инфекцияға қарсы кезең-кезеңмен вакцинациялау басталды. Вакцинация ерікті түрде және әр азаматқа тегін жасалады. Орталық коммункиациялар қызметінде өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов COVID-19-ға қарсы вакцинацияға дайындық туралы баяндады. Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда 18-ден 64 жасқа дейінгі 735 мың адамға екпе жасалады.

«Тұрақты профилактикалық егулерге және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарға коронавирусқа қарсы екпе салынбайды. Сондай-ақ, коронавирустың ауыр жағдайы және симптомсыз белгілері бар адамдар екпе алуға жатпайды. Жұқпалы ауруы бар науқаспен, оның ішінде КВИ-мен ауырған науқаспен байланыста болған адамдар карантин мерзімі аяқталғаннан кейін ғана вакцинацияланады. Екпе салу алдында COVID-19 қарсы антиденелердің бар жоғын анықтау үшін скрининг жасалмайтынын атап өткім келеді. Коронавирустық инфекцияның кез келген формасымен ауырған пациент емделіп шыққаннан кейін денсаулық жағдайына сәйкес кемінде 6 айдан кейін екпе алған дұрыс», - деді басқарма басшысы.

Вакцинаның кез келген компонентіне жоғары сезімталдық, ауыр аллергиялық реакциялардың болуы, сондай-ақ жүктілік пен бала емізу жағдайлары вакцинаны қабылдауға қарсы көрсеткіштер болып табылады.