Коронавирустық пневмония ПТР-тесттің нәтижесі теріс болғанда да тіркелуі мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің «Астана медицина университеті» ҰАК жанұялық медицина кафедрасының меңгерушісі Наталья Латыпова мәлімдеді.

«Пневмониямен ауыратын адамдардың ПТР-тест нәтижесі неге теріс болатыны белгісіз. Біздің пайымдауымызша, бұл вирустың орналасуына байланысты. Егер вирус жоғарыдан төменгі бөлімге ауысса, онда оны жоғарғы жолдарда анықтау мүмкін емес. КВИ-дің нақты белгілері бола тұра, ПТР-тесттің теріс нәтиже көрсетуіне бірнеше себеп бар. Сондықтан біз кейде аурудың клиникасына да, КТ ерекшеліктеріне де, зертханалық сипаттамаларға да назар аударамыз. Өйткені КВИ-ге тән белгілер болады. Осының бәрі талдау оң нәтиже көрсетпесе де коронавирустық пневмония деп болжауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті дәрігер-пульмонолог.

Оның айтуынша, диагностикалау материалдар жинауға, тесттердің сапасына және пациенттің бойындағы вирусқа да байланысты. Сондықтан тиісті бақылаулар диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасының оныншы редакциясына енгізілді.

«Уақтылы емделуді жіберіп алмау үшін біз екінші код жаздық. Ол верификацияланбаған жағдайда, және рентгенологиялық немесе компьютерлік томографияда өкпенің екі жақты зақымдану белгілері, немесе жоғарыда аталған симптомдар болған кезде қолданылады. Осының барлығы этиопатогенетикалық терапияны өткізіп алмау үшін жасалады», - деді спикердің әріптесі, «Астана» медицина университеті Медициналық жедел жәрдем, анестезиология және қарқынды терапия кафедрасының меңгерушісі Нұрила Малтабарова.