27 қарашадағы жағдай бойынша республикамыз «сары аймақта» немесе коронавирус инфекциясының таралуына қатысты орташа қауіпті аймақта тұр, алайда эпидемиологиялық жағдай қиындай түсуде. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады.

«Қазақстан Республикасында да КВИ-ге қатысты эпидемиологиялық жағдай қиындап барады. 27 қарашадағы мәлімет бойынша 129 213 науқас COVID-19 жұқтырған және 41 756 адамнан КВИ- анықталды», -деді А. Цой.

27 қарашадағы жағдай бойынша республикамыз «сары аймақта» немесе орташа қауіпті аймақта тұр. Қауіпті 5 өңірге қатаң шектеу шаралары енгізілген, олар «қызыл аймақта» тұр: Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай, Ақмола облыстары.

«Өткен аптамен салыстырғанда 3 өңір «сары аймақтан» «қызыл аймаққа» көшті, олар - Павлодар, Қостанай, Ақмола облысы. Алматы қаласы «сары аймақта». Қалған өңірлер «жасыл аймақта»», -деді министр.

Республикада қазанмен салыстырғанда қараша айында КВИ-ге шалдыққандар 3,7 есе өскен, еліміздегі барлық жағдайдың 70% «қызыл аймақта» тұрған 5 өңірге тиесілі.

Өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, бүгінде аймақ әкімдері қоғамдық тамақтану орнына келуші санын шектеу, кәсіпкерлік және өзге де қызмет объектілерінің жұмыс кестесін қысқартуға, демалыс күндері қоғамдық көлік қозғалысын тоқтату сынды қатаң шаралар қабылдады.