Елімізде интернет кеңістігінде радикалды контенттің таралуына тосқауыл қойылады. Отандастарымызды діни мазмұндағы діни радикалды ақпарат көздерінен қорғау мақсатында оларды анықтау және қолжетімділігін шектеу, бұғаттау жүргізіледі. Бұл туралы АҚДМ алқа отырысында Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов мәлімдеді. Оның айтуынша, 2020 жылдың қорытындысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде елдегі діни ахуал тұрақты болып қалуда.

«2020 жылы әлеуметтік желілердегі діни радикалды топтарда тіркелген отандастарымыздың саны 2019 жылмен салыстырғанда 44% азайды. Мысалы, Вконтакте әлеуметтік желісі бойынша 2019 жылы 919 мың адам радикалды топ құрамында болса, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 512 мыңға дейін төмендеді. Ал діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 21 мыңнан астам материал бұғатталып, жойылды. Сонымен қатар, Діни басқармамен бірге оқу курстары ұйымдастырылды. Былтыр теологтарға арналған 7 семинар-тренингі ұйымадстырылды», - деді Е.Нүкежанов.

АҚДМ мәліметінше, жалпы, деструктивті діни ағымдар ұстанушыларының 70% теологиялық-психологиялық оңалту іс-шараларымен қамтылды, нәтижесінде олардың 3 мыңнан астамы қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарына қайта оралды.

Сондай-ақ, «Жусан» арнайы операциясы шеңберінде террористік белсенділік аймақтарынан 2020 жылдың басында қайтарылған әйелдер оңалтылды.