Қазақстандық кітапханаларды, оның ішінде әдебиет саласын цифрлық жүйеге көшіру қолға алынды. Осыған орай, өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет туралы заңға бірқатар өзгертулер енгізді. Қазіргі кезде цифрлық жүйеге ауысу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлімдеді.

«Елімізде кітапханалардың жиынтық электрондық каталогы жасалады. Дәстүрлі кітапхана қызметімен қатар, Ұлттық электрондық кітапхана жұмысы жетілдірілуде. Бірыңғай электрондық оқырман билетін қолданысқа енгізудің нормативтік тәртібі айқындалуда. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада электрондық кітапхана қорында 60 мыңнан аса материал сақталған. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыру мақсатында жұмыстар қарқынды түрде жүргізіледі. Сондай-ақ, 200 мыңнан аса оқырман осы электрондық кітапханаға сүйенеді», - деді вице-министр.

Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 11 мыңға жуық кітапхана бар, оның 4 мыңға жуығы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты.