2021 жылдың бірінші ақпанынан бастап Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация басталды. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласының №2 емханасының базасында «Спутник V» вакцинасының бірінші дозасын егу аяқталуда. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте медициналық мекеме директоры Ләззат Руспекова хабарлады.

«Бүгінде біз 1 компонентпен вакцинациялауды аяқтаймыз. 76 құты алынды, бұл 380 доза. Нұр-Сұлтан қаласының №2 емханасы бойынша 300 адам вакцинацияланды», - деді Л.Руспекова.

Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен бастапқы кезеңде короновирустық инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары адамдарға вакцинация жүргізу үшін бес емхана анықталды. Вакциналауды жүргізу үшін емханада ұйымдастыру іс-шаралары жүргізілді: қоймадан міндетті түрде суық тізбекті сақтай отырып тасымалдау үшін қажетті термоконтейнерлер сатып алынды. 1500-ден астам адам медициналық қызметкерлерді СЭС қызметімен бірлесіп оқытудан және аттестаттаудан өтті.

Екпе жасамас бұрын пациенттің мәліметтері тіркеу нысандарына, «Вакцинация» АЖ енгізіледі, ерікті келісім және келесі 3 күн динамикалық бақылау үшін чек–парақ толтырылады.

«Вакцинадан кейінгі кезеңде егілгендерді белсенді бақылау процесінде немесе медициналық көмекке жүгінген кезде кез келген қолайсыз салдардың даму фактісі анықталған кезде дәрігер иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің барлық жағдайлары туралы мәліметтерді медициналық құжаттамаға енгізеді. Қалай болғанда да, вакцинацияға жалпы немесе жергілікті реакция пайда болған кезде, ешқандай жағдайда: дүрбелеңге түспеңіз, динамикалық бақылау кезеңінде қашықтан қоңырау шалыңыз, сұрақтарға нақты жауап беріңіз және субъективті сезімдерді дұрыс айтыңыз. Дәрігер сіздің жағдайыңызды анықтап, қажетті ұсыныстар береді», - деді Л.Руспекова.