«Мемлекеттік шығындарды қысқартуға» байланысты кейбір бюджеттік ұйымдардың, әсіресе мәдениет саласының қызметкерлерінің еңбекақысы қысқартылады. Театрлар мен музейлердің ұжымдарының мәселесі туралы сауал Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жолданды. Серік Шәпкенов шағымдардың болмағанын айтып, бұл жағдайдың мән-жайын анықтауға уәде берді.

«Пандемия кезінде мұндай шағымдар болған жоқ. Бұл негізсіз. Иә, Президенттің тапсырмасы бойынша бюджетте және мәдениет басқармаларында көзделген тиімсіз немесе бұқаралық іс-шаралар қысқартылуы немесе азайтылуы керек, бұл еңбекақыға қатысты емес. Егер нақты жағдайлар болса, хабарласыңыздар, тексереміз. Бірінші кезекте, өңірлердегі еңбек инспекциясына жүгіну керек, бұған қоса министрлікке де хабарлауға болады. Біз қарастырамыз», - деді С.Шәпкенов.