Павлодар облысы COVID-19 бойынша қызыл аймақта. Өткен тәулікте өңірде коронавирус жұқтырған 110 адам тіркелді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов мәлімдеді.

Оның айтуынша, ай басында өңірдің қызыл аймаққа алғаш рет енуіне шетелден келген науқастардың да ықпалы болды. Облыс Ресейдің коронавирус жайлаған үш аймағымен шектеседі.

«Қазан айының басынан осы бағыттағы шекаралық бекеттер арқылы бізге 34 мыңға жуық адам кірді. Қараша айында енгізілген қосымша шектеулер Ресейден келетін адамдар легін, сәйкесінше коронавирустың осы жақтан тасымалдану фактілерін едәуір азайтты. Ал, қазір коронавирусты жұқтыру фактілері облыс ішінде басым болып тұр. Олардың негізгі бөлігі науқастармен тікелей байланысқа түскен адамдар. Сондықтан, инфекцияны жұқтыру тізбегін үзу үшін эпидемиологиялық зерттеуді барынша сапалы әрі тез жасайтын боламыз», деді аймақ басшысы.

Бұл ретте облыста денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық және кадрлық базасы нығайтылды.

Ауруханалардағы жалпы төсек-орындар қоры мен жансақтау бөлімдеріндегі орындар көбейтілді, стационарлар барынша жабдықталды. Оттегі нүктелерінің саны 6 есе ұлғайды. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Медициналық қызметкерлер резерві – 600 адам.