COVID-19 вакцинасын таңдаған жағдайда медициналық мекемелерде дүрлігуді болдырмауға бола ма? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналист қазақстандықтардың алаңдаушылығын жеткізді.

«Негізінде, ешқандай проблемалар туындамауы керек. Біздің қысқа мерзімде жаппай иммунизациялау тәжірибеміз бар. Естеріңізде болса, 2-4 апта ішінде дифтерияға, полиомиелитке, қызылшаға қарсы 3 млн жуық адамға екпе жасалған болатын. Бұл 1996, 2011, 2015, 2019 жылдары орын алған», - деп жауап берді спикер.

Вакцинаны таңдауға келетін болсақ, әлі шешім қабылданған жоқ. Бүгінгі таңда әлемде белгілі және расталған 198 кандидат-вакцина әзірленіп жатыр. Оның 42-сі бойынша-адамдарға клиникалық зерттеулер жүргізілуде.

«Ең перспективті вакциналар деп біз клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өтетін үш вакцинаны есептейміз. Бұл Оксфордтық, сондай-ақ Ресейдегі Гамалей атындағы эпидемиология және микробиология Ұлттық зерттеу орталығының «Спутник-5» вакцинасы, сондай-ақ Қазақстанда да вакцина әзірленіп жатқандығын атап өтейін. Бұл вакцинаны сынаудың бірінші кезеңі өтті, қазір екінші кезеңі жүзеге асырылуда, келер жылдың басында бұл вакцинаны сынаудың үшінші кезеңіне көшеміз деп үміттенемін», - деді вице-министр.

Ол сондай-ақ, алдын ала деректер бойынша, жаппай иммунизациялау барысында 2 миллионнан астам қазақстандық қамтылатынын айтты. Бірақ қосымша контингент анықталғандықтан, бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін.